Туған жерге деген іңкәрлікпен…

21.09.2017
Error 2

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаттары алты арнайы жобада көрініс тапты, солардың бірі — «Туған жер» жобасы, — дейді Бұлбұл Ораққызы. — Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Туған жер» жобасы бойынша республикалық форум өткізу туралы ұсыныс жасаған еді. Форумды өткізу қыркүйек айының 28-29-ы күндеріне жоспарланғаны көпшілікке мәлім. Қазақстанның басқа аймақтарынан және әлемнің 10-нан астам елінен 200-дей жерлесіміз, яғни жан-жақтағы Ақтөбе топырағының даңқты перзенттері туған жерде бас қосады. Олардың арасында белгілі ғалымдар, қаламгерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, өнер адамдары бар. Өздеріңіз де білесіздер, жоғарыда аталған жиында Президент Әкімшілігінің басшысы, Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда барлық өңірлерді Ақтөбе облысының озық тәжірибесінен үлгі алуға шақырған еді. Сондықтан форумға, өз жерлестерімізден бөлек, Астанадан, еліміздің барлық облыстарынан делегациялар келеді. Олардың қатарында облыс әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат басқармаларының басшылары болады.

Форумның ашылу салтанаты облыс орталығында жаңадан бой көтерген Шығармашылық академиясында өтеді деп жоспарланған. Соңғы жылдары Ақтөбеде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында көптеген құрылыстар жүргізілді. Аталған форумға қатысушылар осы нысандарды аралап көреді. Олар: жоғарыда аталған Шығармашылық академиясы, Жекпе-жек сарайы, «Жұбановтар әуені» музей-үйі, облыстық тарихи-өлкетану музейі, офтальмологиялық орталық, жедел жәрдем стансасы, «Сымбат» мектеп-интернаты, Өнер орталығы, хоккей модулі. Мұның ішінде Жекпе-жек сарайының ашылу салтанатын осы форум аясында өткізу жоспарланған. Осыған байланысты спорттың сегіз түрі бойынша үздіктер өнері паш етілмек. Сондай-ақ, Жекпе-жек сарайында дзюдодан Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін халықаралық жарыс ұйымдастырылады. Спорттың бұл түрінен жерлестеріміздің жақсы жетістіктері бар екенін білесіздер. Дэюдошы Рүстем Ыбыраев 2015 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иемденсе, биыл Универсиаданың қола жүлдесіне қол жеткізді.

Сондай-ақ, осы күні «Ақтөбе: кеше, бүгін және ертең» атты конференция өткізу жоспарланып отыр. Ал бағдарламадағы басты шара Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтеді. Мұндағы көпшілік көріністерге 4,5 мың жас қатысады. Ақтөбеден шыққан белгілі әншілердің көпшілігі өнер көрсетеді. Арнайы шақырылған көрермендер қатарында еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, әр саланың үздіктері болмақ. Қалың көпшілік салтанатты жиынды LED-экрандар арқылы тамашалай алады. LED-экрандар Әбілқайыр хан және Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында, Әбілқайыр хан даңғылы мен Ғазиза Жұбанова көшесінің қиылысында,Әлия Молдағұлова даңғылы мен Есет батыр көшесінің қиылысында және Орталық стадион жанында орналастырылады, сонымен бірге, Әбілқайыр хан даңғылы мен Мәншүк Мәметова көшесінің қиылысына екі экран қойылады.

29 қыркүйекте форумға қатысушылардың бір бөлігі аудандарға жол тартады, тағы бір бөлігі облыс орталығындағы білім, мәдениет және денсаулық сақтау мекемелерінде семинарлар, шеберлік сабақтарын өткізеді, жергілікті мамандармен өз тәжірибелерін бөліседі. Форумға, мысалы, медицина саласында  Жақсылық Досқалиев, Серік Ақшолақов, Жолдас Құлжанов сынды әйгілі тұлғалар қатысады, ақтөбелік дәрігерлер, жас мамандар үшін олардан ақыл-кеңес алу өте маңызды болмақ. Медицина саласының үздіктері ретінде танылған жерлестеріміздің қатысуымен оталар жасалады деп күтіліп отыр.

Осы күні форумға қатысушылар «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығына да барады. Форум аясында өңір тарихына арналған көрмелер, сондай-ақ, қолөнер шеберлері туындыларының көрмелері, басқа да шаралар ұйымдастырылады.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жобалық кеңсе ашылып отыр. Ол барлық бағыттар бойынша ұсыныстарды, қолға алынатын жұмыстарды пысықтап, атқарушы органдар, түрлі мекемелер қызметін үйлестіреді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында:«Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі болмақ», — деп атап көрсетілгендей, туған жеріміздің мерейін асқақтарар істерге әрқайсысымыз белсене атсалыссақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Мақала Ақтөбе газетінің ресми сайтынан алынды.

Сілтеме:http://www.aktobegazeti.kz/?p=58286

Авторы:Индира ӨТЕМІС

Әсері мол жүздесу болды.

Марат ЗАЙЫРОВ, «Нұрбанк» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары. Ақтөбеде өткен « ...

Туған жер — әркімнің қасиетті мекені.

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор  ...

Ақтөбе қонақтарын қарсы алады.

28-29 қыркүйекте біздің облыста "Туған жер" республикалық форумы өз жұмысын бастайды.  ...

Жинақтар

  • 26.07.2017
    Қобда ауданы
  • 17.07.2017
    Әйтеке би ауданы
  • 17.07.2017
    Алға ауданы
  • 12.07.2017
    Хромтау ауданы
  • 12.07.2017
    Шалқар ауданы

Кері байланыс